Мектеп директорының 2019-2020 оқу жылының есебі бойынша баяндамасы
Мектеп директорының 2019-2020 оқу жылының есебі бойынша баяндамасы
Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар ауылы №41 Кенен Әзірбаев атындағы орта мектеп директоры Г.Сатыбалдиеваның қамқоршылық кеңес және ата-аналар комитеті алдындағы 2019-2020 оқу жылының есебі бойынша баяндамасы
№41 Кенен Әзірбаев атындағы орта мектебінде 884 оқушы білім алуда. Сынып комплектісі -42. Сыныптардың орта сыйымдылығы -21.
Педагогикалық ұжым өз жұмысын оқу-тәрбие үдерісінің деңгейін көтеру бойынша жалғастыруда. 2019-2020 оқу жылының қорытындысы бойынша мектеп оқушыларының білім сапасы 68%, үлгерімі 100 %. 2 оқушы Жанатбек Ж., Умирзаков Б. Үздік аттестат алды.
Мектеп ұжымында 88 педагог. Педагог-зерттеуші – 32, педагог-сарапшы – 23, педагог-модератор – 7, жоғары санатты - 10, І санатты - 6, ІІ санатты - 14, санаты жоқ - 27.
2019-2020 оқу жылы мектебімізде 23 педагог біліктілік курстарынан өтті. Инклюзивті оқыту бойынша 12 мұғалім сертификатталған.
Педагогикалық ұжымға жыл сайын жас мамандар келеді. Биылғы оқу жылында мектебімізге 7 жас маман келіп, еңбек жолын бастады. Педагогтардың әдістемелік шеберлігін арттыру мақсатында мектеп ішінде түрлі коучингтер, оқыту семинарлары, әдістемелік айлықтар, мектепішілік курстар өткізіледі. Назарбаев интеллектуалдық мектептерінің тәжірибесін енгізу мақсатында біздің мектебіміз жетекші мектеп болып табылады. Мұғалімдер аудандық, облыстық, республикалық деңгейде педагогикалық тәжірибелерін таратады, зерттеу жұмысы мен авторлық бағдарлама, әдістемелік нұсқаулықтар жазумен айналысады. Жиі аудандық семинарлар өткізіледі.
Мектеп ұжымы әкімшілік басшылығымен жалпы мектептің жоспарын, дамыту жоспарын жүзеге асырып жатыр. Ұжымның мақсаты: бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған, әлеуметтік тұрғыда қалыптасқан, функционалды сауаттылығы жоғары оқушыны тәрбиелеу.
Мектептегі барлық жүргізіліп отыратын іс-шаралар ата-аналар қоғамдастығының қатысуымен өткізіледі: жоғары деңгейде безендірілген, мазмұнды іс-шаралар оқушылардың мектеп өмірі қызықты, жарқын болуына ықпал етеді.
Жыл бойы атқарылған жұмыстар аз емес: жемқорлыққа қарсы ұйымдастырылған облыстық шығармалар байқауында жүлделі орын алды, үнемі мектепте тілдер күніне арналған іс-шаралар, спорттық байқаулар, өрт қауіпсіздігі бойынша іс-шаралар, адамгершілік, эстетикалық, патриоттық қасиеттерін дамыту тәрбиелік шаралар өткізіліп тұрады. Күзде «Қыз сыны» аудандық байқауға қатысып, І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Оқушылардың көзқарасын кеңейту, өз туған жеріне деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында мұғалімдер тарихи жерлерге, тарихи-өлкетану мұражайларына саяхат жүргізеді.
Түрлі олимпиадалар мен байқауларға қатысатын оқушыларды ынталандыру, ішкі уәжін көтеру жұмыстары жүргізіліп отырады. Жеңімпаздарды марапаттау үшін салтанатты жиынға қамқоршылық кеңестің мүшелері шақырылады. Мектептің қоғамдық жұмысына белсене қатысып жүрген ата-аналарға алғысымыз шексіз.
Аудандық бюджеттен компьютерлік үштік алу үшін қаражат бөлінді. Мектепте компьютер саны - 78, оқушыларға шаққанда 1 компьютерге 12 оқушы. Бейнекамера саны -10, бейнепроектор саны - 8.
Мұғалімдердің демеушілік көмегімен акт залы безендірілді, дәліздегі стендтер, баннерлер жасалды. Қамқоршылық кеңестің көмегімен мектеп сыртындағы дәретхананы жарықтандыру мәселесі шешілді. Оқушылардың санитарлық-гигиеналық жағдайын жақсарту үшін қол кептіргіш пен қол жуатын сұйық сабын алуға көмектескен сыныптардың ата-аналар комитетіне рахмет айтамыз. «Мектепке тағзым» акциясы шеңберінде мектеп түлектері мектепке қажетті заттар сыйлады. «Біз біргеміз», «Қамқоршылық шыршасы» атты аз қамтылған отбасыларына арналған акциясында мектеп мұғалімдері мен ата-аналары белсене қатысты.
Мектеп әкімшілігі оқушылардың танымдық қабілетін дамыту, тәрбиелік деңгейін көтеру, бос уақыттарын тиімді өткізу үшін оқушыларды түрлі байқауларға, интеллектуалды сайыстарға қатыстыру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Биылғы оқу жылы өзіндік ерекшеліктерімен өтті. Әлемде орын алған пандемия қиыншылықтарына қарамастан оқушылар мен ұстаздар толағай табыстарға жетіп, мектептің рейтингісінің көтерілуіне орасан үлестерін қосты. Нәтижесінде мектеп-гимназияның оқушылары осы оқу жылдың қорытындысы бойынша әр түрлі олимпиадаларға, байқауларға, сайыстарға қатысып, аудан көлемінде 22, облыс – 12, республикалык – 5, халықаралық деңгейде - 20 жүлделі орынға ие болды.
Сабақтар арасындағы үлкен үзілістерде оқушылардың бос уақытын тиімді әрі қызықты өткізу үшін дәлізде шахмат ойнау орындары жүргізіледі. Мектепте түрлі үйірмелер мен спорттық секциялар жүргізіледі. Мектеп оқушыларының 77% қосымша біліммен, 52% спорттық үйірмелермен қамтылған.
Мектепте жағымды тұстармен қатар ата-аналардың көмегімен шешілетін проблемалық мәселелер де бар. Кәмелетке толмаған оқушыларды тіркеу инспекциясының есебінде оқушылар тіркелмеген. Осы көрсеткішті тұрақты ұстауымыз қажет. Дегенмен, сынып оқушылар арасында жанжалдар әлі де бар. Мұндай жағдайды мектеп психологтары мен кәмелетке толмаған жасөспірімдер инспекторына жүгініп, реттеуге тырысамыз.
Тағы бір көкейтесті мәселелердің бірі – кадрлардың жетіспеушілігінде, нәтижесінде мұғалімдеріміздің жүктемесі 1,5 –тен жоғары болып, оқыту сапасының төмендеуіне әсерін тигізеді. Осындай жағдайға байланысты мұғалімдер мен ата-аналар арасында қарым-қатынасты нығайтып, жанжалды жағдайлар тудырмауын, мұғалімге құрмет көрсетуді ата-аналардан сұраймыз. Мектеп әкімшілігі мен педагогикалық ұжымның алға қойған мақсаты мен жоспары көп. Оқушылардың білім сапасын арттыру, тәрбие деңгейін көтеру, материалдық-техникалық базаны нығайту жұмыстарын жалғастыру қажет: мектептің шатырын ауыстыру, көптеген кабинеттердегі едендердің бетін ауыстыру (линолеум), ескірген люминисценттік жарық беруді ауыстыру.
Қорыта келе, ата-аналар қоғамдастығымен ынтымақтастықта жұмыс атқара отырып, жоғарыда қозғалған мәселелерді шешіп, көзделген мақсатымызға жетеміз.